Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі өз құзыреті шегінде сіздердің назарларыңызға келесі ақпаратты ұсынады:
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесін нормативтік құқықтық қамтамасыз етуге қатысты
Мектеп жасына дейінгі балалардың жасын балаларды 1-сыныпқа алты жастан бастап қабылдау жөнінде «Білім туралы» ҚР Заңының (бұдан әрі - Заң) 31-бабының нормасына сәйкестендіру мақсатында мектепке дейінгі білім берудің нормативтік құқықтық актілеріне (бұдан әрі - НҚА) өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
ҚР Білім және ғылым министрінің өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бұйрықтарымен келесі НҚА:
2020 жылғы 5 мамырдағы № 182 бұйрығымен Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты;
2020 жылғы 12 мамырдағы № 195 бұйрығымен Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу жоспарлары;
2020 жылғы 24 қыркүйектегі № 412 бұйрығымен Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы;
2020 жылғы 18 мамырдағы № 207 бұйрығымен Мектепке дейінгі ұйымдар қызметінің үлгілік қағидалары;
2020 жылғы 15 сәуірдегі № 143 бұйрығымен Мектепке дейінгі ұйымдарға арналған білім беру қызметін көрсетудің үлгілік шарты бекітілді.
2020 жылғы 19 маусымдағы № 254 бұйрығымен Мектепке дейінгі білім беру саласында мемлекеттік қызметтер көрсету қағидалары бекітілді.
Сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 5 шілдедегі № ҚР ДСМ-78/2020 бұйрығымен «Мектепке дейінгі ұйымдарға және сәбилер үйлеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларына қосымша енгізілді.
Тәрбиеленушілердің апталық оқу жүктемесіне және айлық жалақыны есептеу үшін мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің, сондай-ақ мектепалды даярлық топтары мен сыныптары педагогтерінің нормативтік оқу жүктемесіне қатысты
Заңның 30-бабына сәйкес 1-сыныпқа қабылданғанға дейін балаларды мектепке дейiнгi тәрбиелеу отбасында немесе бiр жастан бастап 1-сыныпқа қабылданғанға дейін мектепке дейiнгi ұйымдарда, мектепалды даярлық 5 жастан бастап отбасында, мектепке дейінгі ұйымдарда, жалпы білім беретін мектептердің, лицейлер мен гимназиялардың мектепалды даярлық сыныптарында жүзеге асырылады.
Тәрбиеленушілердің оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптар Үлгілік оқу жоспарларында белгіленген:
оқыту қазақ тілінде жүргізілетін балалар үшін:
ерте жас тобы (1 жастан бастап) –7 сағ.;
кіші топ (2 жастан бастап) –9 сағ.;
ортаңғы топ (3 жастан бастап) – 11 сағ. және 1 сағ. вариативті компонент – барлығы 12 сағ.;
ересек топ (4 жастан бастап) – 12 сағ. және 2 сағ. вариативті компонент – барлығы 14 сағ.;
мектепалды тобы, мектепалды сыныбы (5 жастан бастап) - 17 сағ. және 3 сағ. вариативті компонент – барлығы 20 сағ.;
оқыту орыс тілінде жүргізілетін балалар үшін:
ерте жас тобы (1 жастан бастап) – 7 сағ.;
кіші топ (2 жастан бастап) – 9 сағ.;
ортаңғы топ (3 жастан бастап) – 11,5 сағ. және 0,5 сағ. вариативті компонент – барлығы 12 сағ.;
ересек топ (4 жастан бастап) – 12,5 сағ. және 1,5 сағ. вариативті компонент – барлығы 14 сағ.;
мектепалды тобы, мектепалды сыныбы (5 жастан бастап) - 18 сағ. және 2 сағ. вариативті компонент – барлығы 20 сағ.
«Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының 8-бабының нормасына сәйкес мектепке дейінгі ұйымдарда, оның ішінде мектепалды топтарында және білім беру ұйымдарының мектепалды сыныптарында кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтердің айлық жалақысын есептеу үшін бір аптаға нормативтік оқу жүктемесі 24 сағатты құрайды.
Бір аптадағы 24 сағат жүктемеге сәйкес мектепке дейінгі ұйымның, оның ішінде мектепалды тобының және орта білім беру ұйымының мектепалды сыныбының педагогі жас кезеңін негізге ала отырып, келесі функцияларды орындайды:
- Үлгілік оқу жоспарына сәйкес ұйымдастырылған оқу қызметін өткізеді;
- перспективалық жоспар мен циклограмма құрастырады;
- сабақ өткізу үшін дайындық жұмысын жүзеге асырады;
- режимдік сәттерді (таңертеңгі қабылдау, ертеңгілік гимнастика, тамақтандыру, балалар қызметінің түрлері (ойын, шығармашылық, танымдық, эксперимент, дербес және т. б.), серуен, күндізгі ұйқы, жеке жұмыс, сауықтыру іс-шаралары және т. б.) ұйымдастырады және өткізеді;
- балалардың біліктері мен дағдыларының дамуын қадағалайды;
- ата-аналармен жұмыс жүргізеді;
- білім беру ұйымдарында өткізілетін іс-шараларға (жиналыстар, педагогикалық кеңестер, әдістемелік кеңестер, конкурстар және т.б.) қатысады;
- ертеңгіліктерді, балалардың бос уақытын, спорттық іс-шараларды және т.б. ұйымдастырады және өткізеді.
Жоғарыда баяндалғандардың негізінде мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің, оның ішінде мектепалды топтардың және мектептердегі, лицейлердегі, гимназиялардағы мектепалды сынып педагогтерінің жалақысы «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының нормасына сәйкес 24 сағат тарификациялық мөлшерде төленеді.