2025 жылғы 14 наурызда Көкшетау қаласының Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінде цифрландыру, жалпылау және алдыңғы қатарлы педагогикалық тәжірибені тарату жағдайында оқу үдерісін жетілдіру жолдарын іздестіру мақсатында Ақмола облысы білім басқармасы әдістемелік орталығының жұмыс жоспарына сәйкес, ТжКББ ұйымдарының жетекші оқытушыларының «Білім беруді цифрландыру жағдайындағы педагог қызметінің психологиялық-педагогикалық аспектілері» тақырыбындағы облыстық семинары өтті.
Семинарға қатысушылар алдында колледж әдіскері, педагогика ғылымдарының кандидаты Г.Б. Кушпаева құттықтау сөз сөйледі.
Педагог-шебер У.С. Мамбетова «Қазақ халқының ұлттық киімі» тақырыбы бойынша заманауи педагогикалық технологияларды, оқытудың әртүрлі нысандары мен әдістерін қолдана отырып, ашық сабақ көрсетті.
Әдістемелік және теориялық тұрғыдан қажетті озық педагогикалық тәжірибені таратумен Көкшетау қаласы, Ж. Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы, А.З. Заманбекова «Толық адам» тұжырымдамасы», Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің арнайы пән оқытушысы Д. В. Бронников «Шығармашылық пәндерді оқытуда заманауи ақпараттық технологияларды қолдану: On-line-нан Off-line-ға дейін», Щучинск қаласы, Жоғары техникалық колледждің әлеуметтік-экономикалық пәндер оқытушысы, С. В. Злочевская «Әлеуметтік-экономикалық пәндерді оқыту үрдісіндегі негізгі құзыреттерді қалыптастыру құралы ретінде белсенді және интерактивті әдістер» тақырыбында өз шығармашылықтарымен бөлісті.
Педагог-зерттеушілер Көкшетау қаласы, жоғары техникалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы А.К. Мустафина «Гибридті оқыту модельдерін дамыту» тақырыбы бойынша және «Көкшетау университеті» КЕАҚ жанындағы көпсалалы колледждің арнайы пәндер оқытушысы А. К. Ахитова «Сабақтың басында жағымды оқу ортасын және тиімді коммуникацияны құру» тақырыбы бойынша өткізген шеберлік сыныптары семинарға қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды.
Щучинск қаласы, жоғары педагогикалық колледждің арнайы пәндер оқытушысы Н.С.Редько «Педагогтің цифрлық құзыреттілігін дамыту: үздіксіз білім беру және өзін-өзі дамыту» сондай-ақ, Степногорск қаласы, Жоғары колледждің арнайы пәндер оқытушысы С.Д.Стригун «Оқу үрдісін цифрландыру мәселелері және оларды шешу жолдары» тақырыптарында мазмұнды және сындарлы баяндамаларды ұсынды.
Семинар үздік тәжірибелерді көрсету, тәжірибе және білім алмасу алаңына айналды.
Семинар жұмысына 30-дан астам колледж педагогтары қатысты.