2021 жылғы 17 тамыз күні педагогтердің дәстүрлі тамыз кеңесінің аясында «Инклюзивті білім беру: тәжірибесі, перспективалары» тақырыптық алаң өткізілді.
Жұмыс алаңына 150-ден астам педагог: Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының инклюзивті білім беруді дамыту орталығының жетекші сарапшысы, «Инклюзивті білім беру» бағыты бойынша магистр Темирбаева М.Ж., инклюзивті білім беруге жетекшілік ететін аудандық/қалалық білім бөлімдерінің әдіскерлері, арнайы білім беру ұйымдарының басшылары, сондай-ақ, инклюзивті тәжірибені енгізу бойынша жалпы білім беру мектептерінің директорлары және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының меңгерушілері қатысты.
Өткізілген тақырыптық алаң барысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытуға қатысты нормативтік-құқықтық құжаттардағы өзгерістер бойынша мәселелер талқыланды, ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылар үшін білім беру бағдарламаларын бейімдеу алгоритмдері қаралды.
Инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің төрағасы, саяси ғылымдарының кандидаты Ибраев М.У. инклюзивті білім беруді қолдаудың ресурстық кабинеттерін ашу жөніндегі дайындық жұмыстарының барысы туралы ақпарат ұсынды.
Секция жұмысының қорытынды кезеңінде «Педагог-психологтар» және «Дефектологтар» номинациялары бойынша бірінші облыстық «Арнайы білім берудің үздік педагогы» байқауының жеңімпаздары арнайы білім беру ұйымдарындағы жұмыс тәжірибесімен таныстырды.