Қоғамның заманауи үрдістері балалардың қауіпсіз мінез-құлқын алдын алуға бағытталған іс-шараларды ойластыруды және жоспарлауды қарастырады. Балаларға қарсы қылмыстардың, суицид әрекеттері мен аяқталған суицид жағдайларының қазіргі статистикасы осы мәселені шешудің жаңа жолдарын іздеуге мәжбүр етеді. «Оқушылар арасында қауіпсіз мінез-құлықты, зорлық-зомбылықты және суицидті алдын-алу бойынша» облыстық семинарда Егіндікөл, Сандықтау және Шортанды аудандарының осы мәселедегі жұмыс тәжірибесі тыңдалды.
Психологиялық-педагогикалық зертхана қызметі бойынша Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің педагогика, психология және әлеуметтік жұмыс кафедрасының аға оқытушысы, педагогика және психология магистрі Жантемирова Мадина Балтабаевна «Мектеп оқушыларының психологиялық денсаулығын зерттеу» баяндамасымен сөз сөйледі. Оқушылар мен жасөспірімдер арасында суицидті алдын алудың психологиялық-педагогикалық негіздері туралы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің әлеуметтік жұмыс кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Оразбаева Кульдархан Оналбековна айтып өтті.
Ақмола облысы бойынша «BILIM FOUNDATION» қоғамдық қорының өңірлік басшысы Жакупов Жанат Еркинович семинарға қатысушыларды Ақмола облысында жасөспірімдер суицидінің алдын алудың 2021 жылға арналған бағдарламасының жұмысымен таныстырды. Семинар соңында қатысушылар пікір алмасты, спикерлерге сұрақтар қойылды, ұсыныстар қабылданды.