2022 жылғы 15 наурыз күні Нұр-Сұлтан қаласындағы «Әл-Фараби» атындағы Оқушылар сарайының базасында «Бастауыш мектеп – білім мен ғылымның бастауы» тақырыбында бастауыш сынып мұғалімдерінің республикалық съезі өтті.
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған съезге Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, бастауыш сынып әдіскерлері мен мұғалімдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен біліктілікті арттыру институттарының мамандары қатысты.
Съезд жұмысына Ақмола облысынан делегация құрамында 23 педагог қатысты. Секциялық отырыстар барысында Ерейментау ауданы Новомарковка ауылының Балабек Жахин атындағы жалпы орта білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі, педагог-шебер, «Әдебиеттік оқу» оқулығының авторы Тлеулесова Динара Кайырбековна білім беру бағдарламаларының ерекшеліктері жөнінде айтып өтті. Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Жоламанова Тайндык Молдағалиевна өз сөзінде бастауыш білім беру бағдарламаларында туындайтын мәселелерге және оларды шешудің сындарлы жолдарына тоқталды.
Пленарлық отырыс барысында бастауыш мектепте оқытылатын пәндер бойынша білім мазмұнын жетілдіру,оқушылардың үлгерімін бағалау және бастауыш сынып мұғалімдерінің біліктілігін арттыру сияқты өзекті мәселелер талқыланды.