2019 жылғы 5 сәуірде Ақмола облысы білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің іс-шаралар жоспарына сәйкес Жақсы ауданы Г.Абдрахманов атындағы Қима орта мектебінің базасында «Білім берудің жаңартылған мазмұны контекстінде педагог тәжірибесін жетілдіру» тақырыбында облыстық семинар өтті. Семинардың мақсаты жаңартылған білім беру мазмұны контекстінде педагогтың кәсіби құзыреттілігін жетілдірудегі әдістемелік жұмыс тәжірибесін тарату болып табылады. Семинар жұмысынаоблыстық оқу-әдістемелік кабинеті директорының орынбасары, п.ғ.к Г.Б.Кушпаева, облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің бөлім басшысы Р.Б.Бағаналинова және оқу-әдістемелік кабинетінің әдіскері Ж.К.Тұрсынбекова, Жақсы ауданының білім беру бөлімінің басшысы А.С.Саутова, аудандық әдістемелік кабинеттердің меңгерушілері, әдіскерлері, жетекші мектеп директорларының орынбасарлары, Атбасар, Сандықтау, Жақсы, Жарқайың және Есіл аудандарының білім беру ұйымдарының педагогтары қатысты. Семинарға барлығы 80-нен астам педагог қатысты. Семинар басында семинар қатысушылары ауданның педагогикалық қызметкерлерінің «Педагогикалық тәжірибедегі жаңа идея» тақырыбы бойынша әдістемелік көрмеге қатысты. Семинардың практикалық бөлімі бірқатар іс - шараларды: «Сабақ беру және оқу сапасын арттыру мақсатында Lesson Study (сабақ зерттеуі)», «Білім беру үдерісіндегі SMART – технологиялар», «CLIL әдістемесі: ғылыми- жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде оқыту үдерісінде пәндік – тілдік кіріктірілген оқыту» коучинг, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жағдайында тәрбиелеудегі заманауи тәсілдер» шеберлік сағаттар өткізумен сүйемелденді. Семинардың теориялық бөлімінде жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында мектеп педагогтарының ғылыми - әдістемелік деңгейін арттыру бойынша әдістемелік кабинет жұмысының негізгі бағыттары қарастырылды. Семинар соңында педагогтар семинар туралы өз әсерлерімен бөлісті. Семинарға қатысушылар осындай кездесулер тек жұмыс тәжірибесімен ғана емес, сонымен қатар педагогтардың кәсібилігін дамытуда үлкен рөл атқаратынын атап өтті. Семинар соңында қатысушыларға электронды материалдар ұсынылды.