Бүгінде біздің елімізде WorldSkills қозғалысы зор күшке ие болуда. Ұлттық жобаға сәйкес техникалық және технологиялық бейіндегі колледждерде WorldSkills форматы бойынша демонстрациялық емтихан түрінде қорытынды аттестаттау өткізу енгізілуде. Демонстрациялық емтихан еңбек нарығының нақты талаптарын ескереді және бұл Қазақстан экономикасы үшін жұмысшы кәсіптерінің бәсекеге қабілеттілігін дамытудың шарты болып табылады. Осыған байланысты Ақмола облысы білім басқармасының облыстық оқу-әдістемелік кабинеті «Talap» КЕАҚ бірлесіп колледж педагогтары үшін WorldSkills стандарттары бойынша бағалау әдістемесі, CIS (Competition Information System) жүйесін енгізу бойынша on-line семинарлар ұйымдастырды.
2022 жылғы 25-28 наурыз аралығында «WorldSkills стандарттары бойынша кәсіби конкурстарды ұйымдастыру және өткізу процесінің негізгі аспектілері», «Демонстрациялық емтихан форматындағы қорытынды аттестаттау» тақырыптарында өткізілген on-line семинарларға 200-ден астам тыңдаушы қатысты. Онда «Talap» КЕАҚ WorldSkills Kazakhstan қозғалысын дамыту департаментінің бас менеджері А.А. Еставлетова чемпионаттың ережелерімен, стандарттарымен, қағидаларымен таныстырып, демонстрациялық емтиханды ұйымдастыру және өткізу мәселелерін, CIS бағалау жүйесін түсіндірді.
Семинар WorldSkills халықаралық тәжірибесін тиімді енгізу бойынша сарапшылардың, компатриот-сарапшылардың, алаң менеджерлерінің кәсіби құзыреттілігін жетілдіруге бағытталған.