2022 жылғы 31 наурыз күні «Ақмола облысы білім басқармасының Бурабай ауданы бойынша білім бөлімі Щучинск қаласының № 7 мектеп-лицейі» КММ-де жалпы білім беретін мектептердің математика пәні мұғалімдерінің облыстық форумы өткізілді.
Форум жұмысына Ақмола облысы білім басқармасының басшысы Бейбіт Айтымұлы Жүсіпов қатысты.
Форумның мақсаты – облыстың білім беру ұйымдарында математика пәнін оқытуды жетілдіру.
Облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараға Ыбырай Алтынсарин Ұлттық білім академиясының жетекші ғылыми қызметкері Жұмағұлова Зәуре Әбдікенқызы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушылары Дәмекова Сәуле Қайроллақызы және Атаев Берік Құрманұлы, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің әдіскерлері, облыс мектептерінің педагогтері шақырылды.
Төрт секциялық отырыста математика пәні мұғалімдері оқушылардың танымдық іс-әрекетін ынталандыру, әртүрлі технологияларды қолдану және енгізу мәселелерін қарастырып, дарынды балаларды олимпиадалар, конкурстарға дайындау жұмыс тәжірибесімен, математикалық және функционалдық сауаттылықты қалыптастыру мәселелерімен бөлісті.
Секциялық отырыстар онлайн және оффлайн форматтарда коучинг, шеберлік сағат түрінде ұйымдастырылып, өткізілді.
Пленарлық отырыста Жүсіпов Бейбіт Айтымұлы құттықтау сөз сөйледі және Қарағанды қаласында өткен математика пәні мұғалімдерінің съезінде математикалық білім беру сапасын қамтамасыз етуде жинақталған проблемалар айтылып, математиканы оқытудың даму перспективалары айқындалғанын атап өтті. Сондай-ақ мектеп бағдарламаларын жаңарту, математика пәні мұғалімдері қауымдастығының рөлін арттыру туралы айтты.
Ыбырай Алтынсарин Ұлттық академиясының жетекші ғылыми қызметкері Зәуре Әбдікенқызы Жұмағұлова «Орта мектепте оқу процесін ұйымдастыруды қамтамасыз етудің негізгі нормативтік-құқықтық актілері» тақырыбындағы баяндамасында бүгінгі таңда білім беру ұйымдарында ұсынылатын және қолданылатын үлгілік оқу жоспарлары туралы айтып берді.
«Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті» КЕАҚ математика, физика және информатика кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Дәмекова Сәуле Қайроллақызы «Мектеп пен университеттің ғылыми-зерттеу бағытындағы ынтымақтастық» тақырыбында сөз сөйлеп, балалар университетінің жұмыс тәжірибесі туралы хабардар етті.
Сондай-ақ форумда Қарағанды қаласында өткен математика пәні мұғалімдерінің съезіне қатысқан «Ақмола облысы білім басқармасының Жақсы ауданы бойынша білім бөлімі Жаңа Қима ауылының Ғұбайдолла Әбдірахманов атындағы жалпы орта ілім беретін мектебі» КММ
математика пәні мұғалімі Сулеймән Еркегүл, «Үздік педагог-2020» атағының иегері, педагог-зерттеуші, «Математикалық сауаттылықты арттыру – білім берудің басты мақсаты» тақырыбында; Мисник Екатерина Александровна, «Ақмола облысы білім басқармасының Ақкөл ауданы бойынша білім бөлімі Домбыралы ауылының Горький атындағы мектеп-балабақшасы» КММ математика пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші, «Математика мұғалімдерінің математикалық білім беру сапасын қамтамасыз етудің өзекті мәселелері» тақырыбында баяндама жасады.
Форум аясында Бурабай ауданының мұғалімдерімен педагогтердің және оқушылардың жетістіктерімен бөлісуге мүмкіндік беретін көрме ұйымдастырылды. 10 сынып оқушысы Шымкент қаласында өткен республикалық ғылыми жобалар байқауының күміс жүлдегері Давлетов Амир «Жердегі астероидтік қауіпті модельдеу» тақырыбындағы өз жобасын ұсынды. «Ақмола облысы білім басқармасының Бурабай ауданы бойынша білім бөлімі Бурабай кентінің С.Сейфуллин атындағы жалпы орта білім беретін мектебі» КММ физика пәнінің мұғалімі Лозинский Дмитрий Болиславович робот-күзетші жобасын көрсетті. «Ақмола облысы білім басқармасының Бурабай ауданы бойынша білім бөлімі Щучинск қаласының № 8 мектеп-гимназиясы» КММ математика пәнінің мұғалімі Усольцев Алексей Викторович «CLIL технологиясы бойынша ағылшын тілі элементтерімен математикадан есептер мен тапсырмалар жинағы» авторлық бағдарламасын ұсынды.
Форум жұмысының қорытындысы бойынша ұсынымдар әзірленді.