Облыстық оқу-әдістемелік кабинеттің жоспарына сәйкес әдістемелік көмек көрсету мақсатында 2022 жылғы 15-18 қараша аралығында ұйымдастыру-талдау және курстық даярлау бөлімінің әдіскерлері облыс педагогтеріне арналған вебинарлар өткізді. Вебинарларға Ерейментау, Сандықтау, Біржан сал және Целиноград аудандық әдістемелік кабинеттерінің әдіскерлері, жалпы білім беретін мектеп директорлары мен оқу-ісі және тәрбие, әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасарлары, қосымша білім беру педагогтері, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиешілері мен әдіскерлері қатысты.
Жұмыс барысында инновациялық педагогикалық тәжірибе мен авторлық бағдарламаларды зерделеу және сараптау рәсімі, аттестаттау кезінде педагогтердің портфолиосын сараптау және "Үздік педагог" атағын беру конкурсының II кезеңінің қорытындысы түсіндіріліп, талқыланды.
Барлығы 150-ге жуық қатысушы қамтылды. Кездесу соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, оларға толыққанды жауап алды. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.