Бүгін Ақмола облысы білім басқармасы басшысының м.а. В.Г. Гамазовтың қатысуымен «Воlashaq saraiy» алаңында «БІЛІМДІ ЖАСТАР-ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ» V облыстық жас педагогтер форумының ашылуы өтті.
Ұйымдастырушы - Ақмола облысы білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинеті.
Іс-шараға облыстық әдістемелік орталықтарының басшылары, педагог-тәлімгерлер, жас педагогтер, «Жас педагогтер одағының» төрағалары, «Үздік педагог-2022» байқауының жеңімпаздары және т.б. қатысады.
Білім басқармасының басшысы м.а. айтуынша, 2019 жылы Педагог мәртебесі туралы Заң қабылданды. Президенттің тікелей тапсырмасымен жыл сайын тәрбиешілердің, мұғалімдердің, колледж оқытушыларының жалақысы көтеріледі. 2023 жылдың қантарынан бастап мұғалімдердің жалақысы тағы 25 пайызға өседі. Сонымен қатар, педагогикалық мамандыққа бөлінген грант саны ұлғайып, шәкіртақы мөлшері өсті.
"Жас педагогтерді қолдау және шоғырландыру мақсатында 2021 жылғы қазан айынан Ақмола облысының «Жас педагогтер одағы» жұмысын бастады. Өзінің еңбек жолын бастаған педагогтер кәсіби бейімдеуге арналған жыл сайынғы форум, «Bilimdi Jastar» слеті, пікірталастар, аймақтық кездесулер, республикалық форумдар, облыстық және республикалық деңгейдегі конкурстар сияқты іс-шараларға белсенді қатысуда",- деп қосты басқарма басшысының м.а.
Екі күндік форум бағдарламасына пленарлық бөлім, «Жас педагогтердің шығармашылық зертханасы» және «Білім инновация аймағы» көрмелері, форсайт-сессия және т.б. іс-шаралар кіреді.
Айта кетейік, Ақмола облысы бойынша білім беру ұйымдарында 1160 жас маман жұмыс істейді. Биылғы оқу жылында білім беру ұйымдарына 445 жас маман жұмысқа орналасты.