2023 жылғы 18 мамыр күні Көкшетау қаласында «Сабақты зерттеу: қазақстандық мектептердің тәжірибесі» атты облыстық конференция өтті. Конференцияны ұйымдастырушы Көкшетау қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығының филиалы. Конференцияның мақсаты Ақмола облысы мектептерінің педагогикалық ұжымдары арасында Сабақты зерттеу үдерісін іске асыру: қол жеткізілген жетістіктерді, туындайтын проблемалар мен оларды шешу жолдарын талқылау бойынша тәжірибе алмасу болды.
Конференция бағдарламасы екі бөлімде ұсынылды: «Зерттеу сабағы» бірінші бөлімі Көкшетау қаласының 4 мектебінде: Әл-Фараби атындағы IT лицей мектебінде, № 2 мектеп-лицейінде, С. Жүнісов атындағы № 18 мектеп-лицейінде және № 12 жалпы білім беретін мектеп базаларында өткізілді. Практикалық бөлім барысында конференцияға қатысушы Ақмола облысы білім басқармасының әдістемелік орталығының әдіскерлері мен облыс мұғалімдері зерттеу сабақтарына қатысуға мүмкіндік алды, сабақты жоспарлау және кейінгі рефлексияны талқылауға қатысты. Қатысушылар практикалық бөлім оларға сабақты ұйымдастыру, өткізу және талқылау-зерттеу үдерістерін салыстыруға мүмкіндік бергенін атап өтті.
Практикалық бөлім фасилитацияланған сессиямен аяқталды, оның барысында Көкшетау қаласының Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының тренерлері қатысушыларға кері байланыс беріп, зерттеу сабағы нәтижесі сабақты бақылау мен талқылаудың сапалы процесіне байланысты екендігіне назар аударды.
Конференцияның екінші бөлімі – пленарлық отырыс, диалог алаңы, TEDx баяндамалар, постерлік презентация- Көкшетау қаласындағы Әл-Фараби атындағы IT лицей мектеп базасында өтті. Пленарлық отырыста алғы сөзді Ақмола облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Дүйсенова Ботагөз Балапайқызына берілді. Ақмола облысы білім басқармасының әдістемелік орталығының директоры Құрманғалиева Ляззат Сұрағанқызы оқыту үдерісін жақсартуға бірлесіп жұмыс жасау мақсатында Ақмола облысы педагогтерінің Lesson Study тәсілін қолдануы жөнінде баяндады, сондай-ақ, конференцияның бірінші бөлімінің жұмысы жөнінде Көкшетау қаласы Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының директоры Нөгербаев Төлеген Кәкімұлы сөз сөйледі.
Халықаралық спикер ретінде мұғалімдерді даярлау институтының аға оқытушысы Хасна Абдула (Малайзия) болды. «Сұрақ-жауап» форматында өткен диалог алаңы барысында Сабақты зерттеуді жүзеге асыруда мол тәжірибесі бар Ақмола облысы мектептерінің өкілдері практикалық тәжірибелерімен бөлісті, TEDx баяндамалары мұғалімнің тәжірибесіндегі зерттеулердің рөліне жаңа көзқарасты қамтитын қатысушылардың мотивациялық әңгімелері болды.