Ақмола облысы білім басқармасының «Облыстық оқу-әдістемелік кабинеті» КММ-сі 2020 жылдың 7 ақпанында Целиноград ауданының Қараөткел № 2 орта мектебінің базасында «БББ, ЖМБ және ҚГБ пәндері бойынша олимпиада тапсырмаларын орындау және олимпиадалық есептерді шешу» тақырыбында аймақтық семинар өткізді.
Аталған семинардың мақсаты тыңдаушыларды олимпиадалық тапсырмаларды шешу ерекшеліктеріне үйрету арқылы, сондай-ақ шығармашылық қабілеттерін, зерттеу іскерліктерін дамыту, оқу пәндері бойынша білімді тереңдету, білім беру үдерісін ұйымдастырудың заманауи формалары мен әдістерімен танысу және олимпиадаға дайындық арқылы бастауыш білім беру, жаратылыстану – ғылыми және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар педагогтарының олимпиадалық қозғалысқа теориялық және практикалық дайындық деңгейін арттыру.
Семинар барысында панорамалық сабақтар, шеберлік сағаттар, коучинг арқылы олимпиадалық тапсырмалар мен есептердің әдістері мен шешу жолдары талқыланды.
Сонымен қатар, семинардың пленарлық бөлімінде өзекті мәселелер бойынша «Өнерпаз дарынды балалармен жұмыс жөніндегі облыстық оқу-әдістемелік орталығы» КММ директорының орынбасары Алдабергенова Аягөз Жүнісқызы, «Келешек – 2030» баспасының редакторы Әлібеков Саят Шукурлюкович, «Келешек – 2030» баспасының менеджері Малышкин Дмитрий сөз сөйледі.
Семинарға облыстың 5 ауданынан (Целиноград, Аршалы, Ерейментау, Егіндікөл, Қорғалжын аудандары) 160-қа жуық мұғалім қатысты, оның ішінде пән мұғалімдері, әдістемелік бірлестіктерінің жетекшілері.
Семинар қорытындысы бойынша аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі олимпиада тапсырмаларын орындауға оқушылардың дайындығын жақсарту бойынша әдістемелік ұсыныстар берілді.